Облыстық балалар ауруханасы мерейтойын атап өтуде
Облыстық балалар ауруханасы 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл дата Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының «1983 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Петропавл қаласында облыстық балалар ауруханасын ашу туралы» 08.09.1983 жылғы № 289 бұйрығында тарихи түрде көрсетілген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінде ауруханада тәулік бойы жұмыс істейтін 370 төсек-орындық 12 бөлімше бар. Күндізгі стационарда 30 орын бар. Амбулаторлық оңалту ауысымы 125 келушіні қабылдай алады.
Консультациялық-диагностикалық орталықта облыс бойынша балаларды амбулаторлық қабылдауды қамтамасыз ететін жоғары мамандандырылған 31 маман еңбек етеді.
«Ауруханада соңғы жылдары 32 жас маман жұмысқа орналасты, оның ішінде: балалар онкогематологы, балалар гинекологы, балалар пульмонологы, балалар невропатологы, балалар инфекционисті, балалар анестезиолог-реаниматологы, балалар дәрігері-реаниматологы, балалар травматолог-ортопед сынды ақхалаттылар жұмыс істеуде. Осылайша, жақын арада балалар дәрігерлерінің тапшылығын жою жоспарлануда», – делінген облыстық балалар ауруханасының Instagram парақшасында.
Айта кетейік, мекемедегі жұмыстар «Осында және қазір» қағидасы бойынша жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау мекемесіндегі құрал-жабдықтар да жаңартылуда. Соңғы бір жылда аурухана балаларға эндоскопиялық ринохирургия жасауға мүмкіндік беретін ЛОР стендін сатып алды. Республика бойынша бұл операциялар бұрын Алматы мен Астанадағы емханалар да ғана жасалған.
«Травматология және ортопедия бөліміне табанның плановалгус деформациясына операция жасаудың жаңа әдістемесі енгізілді. Сонымен қатар, бөлімде церебральды сал ауруына шалдыққан балалардағы флексия контрактурасын емдеу әдісі игерілді. Травматология және ортопедия бөлімшесінің дәрігерлері иық сүйегінің сынуы кезінде иық сүйегі арқылы өтетін металл конструкцияны бекіту арқылы жабық редукция жасауда», – делінген облыстық балалар ауруханасының Instagram парақшасында.