Облыстық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары ГТК-да тегін оқи алады
Гуманитарлық-техникалық колледж қабырғасында алтыншы жыл қатарынан оқушылар арасында кәсіби шеберлік байқауы өтуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Оқу орны дәстүрлі шараны қалалық мектептен тыс жұмыс бойынша балалар мен жасөспірімдер орталығы мамандарымен бірлесіп өткізеді. Биыл 150 адам конкурсқа қатысуға ниет білдірген.
“Біздің байқауымыздың мақсаты – шығармашыл, талантты жастарды, мамандығы бойынша үздіктерді анықтау. Байқауға қатысушылар – СҚО 9-11 сынып оқушылары. Шара екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – теориялық. Колледж мамандары оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тест тапсырмаларын әзірледі. Екінші кезең – практикалық. Ол оқу шеберханаларында өтеді”,-деді қалалық мектептен тыс жұмыс бойынша балалар мен жасөспірімдер орталығының әдіскері Инга Плотникова.
Конкурс 8 бағыт бойынша өткізіледі. Оның көмегімен оқушылар арасындағы үздік электрониктер, құрылысшылар, туризм саласындағы білгірлер, есепшілер, маркетологтар, автомеханиктер, web-дизайнерлер, компьютерлік графика операторлары таңдалады.
“Мультивибратор жасау керек. Тапсырманы 15 минут ішінде орындадым, өйткені бұл істі жақсы білемін дей аламын. Мен Оқушылар сарайында біліктілікті арттырамын. Электрик болғым келеді”, – деді Ғ. Мүсірепов атындағы №43 ОМ оқушысы Егор Любых.
“Қазір 15 жастамын, құрылысшы мамандығына оқимын деп шештім. Мен монша салдым, ағама үй салуға көмектестім. Көп уақыт жұмсадық, іргетасты құюға, қабырғаны көтеруге бір жылдай уақыт кетті”, – деді Қожаберген жырау атындағы №6 ОМ оқушысы Шерхан Байкен.
Байқауда жеңіске жеткен оқушылар грант иегерлері атанады. Бұл жастарға гуманитарлық-техникалық колледжде тегін оқуға мүмкіндік береді. Қазір бұл оқу орнында 740 студент білім алуда.