Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Өміріне қауіп жоқ. Қазіргі уақытта бала өзін жақсы сезінеді”: Дәрігерлер анасының қолынан зардап шеккен 11 жасар қыздың жағдайы туралы айтты

“Өміріне қауіп жоқ. Қазіргі уақытта бала өзін жақсы сезінеді”: Дәрігерлер анасының қолынан зардап шеккен 11 жасар қыздың жағдайы туралы айтты

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассман туған анасының қолынан пышақ жарақатын алған 11 жасар қыздың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Спикердің мәліметінше, 17 қыркүйек күні қыз Уәлиханов ауданының аудандық ауруханасына ойық түріндегі жарамен түскен. Дереу санавиация пайдаланылды. Ауданға облыс орталығынан хирург және реаниматолог сынды дәрігерлер аттанды.

“Сол жерде операция жасалды. Бала жағдайы тұрақталғанға дейін сол аудандық ауруханада бір тәулік болды. Бір күннен кейін, яғни кеше – 18 қыркүйек күні баланы санавиация арқылы қалаға алдырдық. Науқасты тасымалдау сәтті өтті. Ол облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта өзін жақсы сезінеді. Жағдай әлі де ауыр. Бала есін жиды, оттегіге тәуелді емес. Жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Алдағы уақытта бейінді бөлімге ауыстырылатын болады”, – деді Александр Гассман.

Қыздың неше жарақат алғаны белгісіз. Спикер журналистер тарапынан қойылған сауалға жауап бермеді.

“Ол қазір жансақтау бөлімшесінде жатыр. Жағдайы әлі де тұрақты, бірақ ауыр екенін ескере отырып, ол тәулік бойы бақылауда болады. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, өйткені жағдайы тұрақталды”, – деп атап өтті дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, Уәлиханов ауданында кәмелетке толмаған қызын өз анасы ауруханадан бір-ақ шығарды. СҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанова әлеуметтік желілерде хабарлағандай, анасы қызының жамбас буыны аумағына үй тапсырмасын орындамағаны және үй дәптерін тиісінше жүргізбегені үшін пышақ сұғып, жарақат салған. Тергеу аясында жасалған қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті комиссия құрылып, отбасыға барды, оқиға орнын көрді. Зардап шеккен қыздың ата-анасы 6 бала тәрбиелеп отыр, балалардың атасы және әжесімен бірге тұрады.

Полиция департаменті: аталған факті бойынша кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті маңызды хабарлама жасады. Кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды, оған медициналық көмек көрсетілуде. Алдағы уақытта психологиялық көмек көрсетілетін болады. Білім басқармасы арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы мен әкімдік ананы қалған балаларын үйде тәрбиелеуден шеттету туралы шешім қабылдады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Shares