Омбы облысының губернаторы Петропавлдың өнеркәсіптік кәсіпорындарында болды
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүр. Ресей Федерациясынан келген қонақ ең алдымен облыс орталығында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Виталий Хоценко «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан «Nord Panels» атты ағашты терең өңдеу зауытында болды. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ламинатталған фанера және ДСП өндіру саласында ірі кәсіпорындардың қатарына кіреді.
“Жабдықтар Финляндия, Жапония және Тайваньнан әкелінді. Бір ай ішінде өз өнімдерімізді Еуропаға экспорттай бастаймыз, қалай болғанда да сол мақсатқа жетуді жоспарлап отырмыз. Жобаның құны 8 млрд теңгені құрады. Жергілікті билік бізге көп көмектесті”, – деді ” Nord Panels” ЖШС директоры Огузхан Челик.
“Қазіргі санкцияларға байланысты бірсыпыра еуропалық нарық біздер үшін жабық, сондықтан дайын өнімді сату қиынға соғып отыр. Қазақстан өз мүмкіндіктерін ұлғайта алады, біз мұнда фанера өндірісі үшін қайың ағашын жеткізе аламыз”, – деді Омбы облысының өнеркәсіп және ғылыми-техникалық даму министрі Андрей Посаженников.
Сонымен қатар, Омбы облысының губернаторы «Радуга» ЖШС-нің сабын және металл-пластик өнімдерін шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын қызметкерлерінің саны 1700 адамға жетеді, компания қызметкерлерінің орташа жалақысы 200 000 теңгені құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Радуга» 8,1 млрд теңгенің өнімін өндірді.