Петропавл мен Қызылжар ауданындағы 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіруге «Демеу» корпоративтік қоры 4,8 млрд теңге бөлді
Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіруге «Демеу» корпоративтік қорынан 4,8 млрд теңге бағытталды. Тағы 627,6 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазір ол жерлерде жұмыстар қызу жүріп жатыр. Яғни, бұзылған бөгеттер қайта салынып, барынша нығайтылуда. Инертті матерталдар төселуде, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Биылғы су тасқынының салдарын жою және 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жайында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев «AMANAT» партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында айтып берді.
«Автожолдардың зақымдалған 42 учаскесінің 38-і толығымен қалпына келтірілді. Бұл үшін ҚР төтенше резервінен 5,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 4 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. «KAZ Minerals Demeu» компаниясының қаражаты есебінен Петропавл қаласының бірінші көтеру сорғы станциясында 3,2 млрд теңгеге қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда бірінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды», – деді Қанат Дүзелбаев.
Қазіргі уақытта 184 тірек қалпына келтіріліп, 12 км электр желілері салынды. Су басқан елді мекендерде қосымша 33,9 км электрмен жабдықтау желілері салынып, 480 тірек орнатылған. Жалпы кәріз коллекторларын, жолдарды, электр желілерін, білім беру нысандарын жөндеуге, бөгеттерді нығайтуға және орнатуға, қоқыстарды шығаруға және басқа да іс-шараларға жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Жалпы биылғы көктемде өңірде барлығы 3898 үйді су басқан болса, оның 2191-і Петропавлда. Қалған 1546-сы Қызылжар ауданында тіркелген. Су тасқыны салдарынан ұзындығы 44 км электр беру желісінің 414 бағаны зақымданған. Материалдық шығын шамамен 2,7 млрд теңгені құрады.