Петропавлда 39 көшеге асфальт төселді
Астанада орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады. Өңір жетекшісі журналистерге жыл сайын облысымызда жолдарды жөндеу жұмыстары кемінде 700 шақырым қамтитынын айтты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Биыл 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді. Оның ішінде 208 шақырымы республикалық, 630 шақырымы жергілікті, 163 шақырымы ауылішілік жолдар. Жыл қорытындысы бойынша стандартты жағдайдағы жергілікті желідегі автомобиль жолдарының үлесі 84%-ға дейін, республикалық желіде 87%-ға дейін жетті», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов брифингте.
Аймақ басшысы 4 жыл ішінде Петропавлдың барлық көшелері асфальтталатынын айтты. 2024 жылы қаладағы 57 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 39-ында алғаш рет асфальт төселген. Жоспар бойынша алдағы жылдары облыс орталығындағы барлық қара жолдар біртіндеп жойылады.