Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті

Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті

Петропавлда “Qyzyljar Investment Forum-2024” халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті. Оған 200-ден астам делегат қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Форумға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, Қазақстанның даму институттарының, екінші деңгейлі банктер мен бизнес қауымдастықтардың басшылары мен өкілдері, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы салаларында жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік компаниялар қатысты.

“Өңір экономикасы құрылымының шамамен 15% өнеркәсіп алады. Біздің өңірдің жетекші кәсіпорындары мұнай-газ және электр энергетикасы салаларына арналған өнімдер шығарады. Бұл – электротехникалық өнімдер, соның ішінде компьютерлік техника. Біз ауыл шаруашылығы техникасын, түрлі вагондарды, соның ішінде жолаушы тасымалдаушы вагондарды шығарамыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейміз, халық тұтынатын тауарларды жасаймыз. Өткен жылы облыстың өнеркәсіп саласы өнімінің көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов атап өткендей, өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,3% өсіп, 445 млрд теңгеге жетті.

“Өсуді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс сияқты салалар көрсетті. Өткен жылдың 9 айында СҚО-ға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 283 млн долларды құрады. 2022 жылмен салыстырғанда өсім – үш есеге жуық”, – деді ҚР ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов.

Форум аясында пленарлық отырыстар өтті, шетелдік спикерлер сөз алды және кәсіпкерлер В2В форматында тілдесті. Сонымен қатар, өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды, басым салаларға инвестициялар тартудың өзекті мәселелері талқыланды, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар өнімдері мен құрылыс жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

“Біз Петропавлдағы көпсалалы ауруханаға инвестиция салдық. Жоба көпшілікке белгілі, нысан 2020 жылдан бері салынып келеді. Біз тағы 6 блоктан тұратын бірінші деңгейдегі КТК жүзеге асырғымыз келеді, оның ішінде апарт-қонақ үй, екінші жоба люкс класста болады. Онда бизнес-орталық, 5 жұлдызды қонақ үй және сәнді  ТК болады”, – деді “YDA Group” түрік холдингі басшысының көмекшісі Якуб Янардаг.

“Петропавлда үш метрлік төбелермен, ақылды үй жүйесімен және кең терезелермен премиум-классты ТК салуды жоспарлап отырмыз. Кез-келген аймаққа келмес бұрын біз нарықты бақылап, адамдар арасында сауалнама жүргіземіз. Мұнда не салынып, сатылатынын білеміз. Петропавлға паркинг қажет екенін, қазіргі заманғы тұрғын үй қажет екенін анықтадық”, – деді елордалық “Строй Элит Дом” ЖШС өкілі Мадияр Жағапаров.

Өңірде заманауи көпфункционалды кәсіпорындар пайда болады. Оның ішіне жемшөп ашытқысын өндіретін зауыт кіреді. Бұл өнім құрама жем өндірісінде қолданылады.

“Біздің өнімнің негізгі тұтынушысы – Еуропа елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері. Сондай-ақ, Қытайға сатылымдарымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз, сондықтан ҚР-дағы зауыт біз үшін өндіріс пен логистика тұрғысынан өте маңызды рөл атқарады”, – деді “РROSIL SPA” итальяндық компаниясының атқарушы директоры Сырым Әбілғазиев.

Форум соңында қатысушылар жалпы құны 128 млрд теңгенің меморандумдарын бекітті. Мысалы, “Строй Элит Дом” ЖШС Петропавл қаласының әкімдігімен ТК салу үшін 29 млрд теңге сомасына келісімге қол қойды. Ал “TFA Group” ЖШС “Qyzyljar “арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы” ЖШС-мен 10 млрд теңге сомасына меморандум жасасты. Халықаралық форумға қатысушылар барлығы 14 құжатқа қол қойды.

Shares