Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда оқушылар арасында бағдарламалау бойынша олимпиада өтті

Петропавлда оқушылар арасында бағдарламалау бойынша олимпиада өтті

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде бағдарламалау бойынша “NisCodeOlympiad” олимпиадасы ұйымдастырылды. Оған облыстың түкпір-түкпірінен келген 7-11 сынып аралығындағы 140-тан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Петропавл қаласында орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Виталий Мельниковтың пікірінше, өңірде бағдарламалау бойынша аса көп іс-шара өтпейді. Ал балалар бір-бірімен жиі кездесіп, бәсекелестікті сезінуі керек.

“Осындай іс-шаралар арқылы спорттық бағдарламалауды танымал етеміз. Биыл біздің мектеп базасында спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігі ашылды”, – деп атап өтті Виталий Мельников.

Бірінші кезең – онлайн іріктеу турында әр қатысушыға бағдарламалауда өзінің нақты қабілеттерін байқауға мүмкіндік берілді. NIS мектебінің қабырғасында өткізілген екінші кезеңде 60-тан астам болашақ бағдарламашылар мен ІТ мамандары қатысты. Олар компьютер алданда отырып, түрлі тапсырмаларды орындап, мәселелердің шешімін іздеді. Балаларға күрделілігі әр түрлі 5 тапсырма ұсынылды. Оқушылар мұндай іс-шаралардың өз дағдыларын дамытып, білімдерін тексерудегі маңызын жоғары бағалады.

“Мен бақ сынауды шештім. Өзімнің болашағым үшін неге мән беру керектігін анықтау мақсатында қатысып отырмын. Бұл бағытта емін-еркін білім алуға болады. Қазір мұғаліммен бірге оқи аламыз, интернет арқылы да түрлі курстардан өтуге мүмкіндіктер бар. Болашақта мен ІТ маманы болғым келеді”, – деді Таман ОМ оқушысы Михаил Гуляев.

Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды, ал жүлдегерлер мен жеңімпаздар дипломдар мен іс-шараның демеушісі атынан бағалы сыйлықтар алды.

Shares