Петропавлдық криминалист Маржантай Қанғозина аса жауапты жұмысының қыр-сырын айтып берді
Петропавл қаласы полиция басқармасында 24 жастағы криминалист Маржантай Қанғозина еңбек етеді. Ол өзінің жастығына қарамастан 13 қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектескен, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Маржантай Қанғозина – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы жедел-криминалистикалық бөлімінде 2020 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
“Анамның інісі ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Бала кезімде нағашы ағама қарап, қызығатынмын. Форма киген полиция қызметкерлерін көріп жүретінмін. Алдыма мақсат қойып, бүгінде сол арманым орындалды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін Құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған соң полицияға қызметке орналастым”,- деді жас маман.
Полицияға қызметке алғаш келгенде жас мамандарға тәлімгерлерді бекітеді. Маржантайға тәлімгер ретінде аға криминалист Нұрлан Сердалинов бекітіліпті.
“Оқиға болған жерлерге бірге шығып, тәжірибемді шыңдадым. Жалпы криминалист мамандығының өзіндік ерекшеліктері бар. Оқиға орнында заттай дәлелдемелер жинап, саусақ, қол-аяқ киім іздерін аламыз. Өзім 13 қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектестім, – дейді Маржантай.
Өткен жылы “102” арнасына адамға ауыр дене жарақаты келтірілгені туралы қоңырау келіп түскен. Жас маман жедел-тергеу тобы құрамында дереу оқиға орнына аттанды. Қылмыс жасаған адам оқиға орнын тастап, бой тасалаған.
Анықталғандай, бірлесіп ішімдік ішкен екі ер адамның отырысы түнге таман төбелеске ұласқан. Пышақ жарақатын келтірген күдікті бірден қашып кеткен. Криминалист қыздың көзіне жерде жатқан бөтелке түсті. Күдіктінің саусақ іздері бөтелкеде қалып қойған. Базаларды тексеру кезінде бұрын қылмыс жасаған ер адам туралы мәліметтер шыға келді. Қылмыс бірден ашылды.
Жедел-криминалистикалық бөлімдегі 7 ер және 2 әйел қызметкер қала аумағында тіркелетін оқиғаларға аттанып, қылмыстардың ашылуына көмектесуде.
Маржантайдың жолдасы Нұрсұлтан да полиция қызметкері. Өңірдегі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тынбай қызмет атқарып келеді.