Қазақстан мен Қытай ара шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытады
Тайынша ауданында қытайлық делегация және ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері болды. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және жоғары сапалы өсімдік майын өндіруге мамандандырылған «Тайынша Май», «Мemolux» жергілікті өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Сапар аясында жергілікті ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармалары басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы, инновациялық технологияларды енгізу және жергілікті өндірістерді дамыту саласындағы ынтымақтастық жоспарлары талқыланды. Қазақстан омарташылары қауымдастығымен меморандумға қол қою маңызды қадам болды. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Қытай ара шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті, бұл екі елдің бал және ара шаруашылығы өнімдерінің халықаралық нарықтарындағы орындарының нығаюына алып келуі мүмкін”, – деп жазды Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов өзінің Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, қытайлық қонақтарға жақында іске қосылған мал азығы мен ұн өндіретін цехтар таныстырылды. Жергілікті фермерлерді жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге қабілетті бұл жаңа қуаттар да өңірдің және жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.