Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова солтүстікқазақстандықтардың түйткілді сұрақтарына жауап берді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова солтүстікқазақстандықтардың түйткілді сұрақтарына жауап берді

Халықпен кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова солтүстікқазақстандықтардың сауалдарына жауап берді. Сирек кездесетін дертке шалдыққан баланы тәрбиелеп отырған Петропавл тұрғыны ведомство басшысына жүгініп, көмек сұрап, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Муковисцидозбен ауыратын балаларды диагностикалау және емдеуге қатысты сұрағым бар. Биыл 19 сәуір күні тиісті хаттама қайта қаралуы керек еді, бірақ қайта қаралмады. Қандай себеппен? Сіздердің назарыңызды муковисцидозға арналған мақсатты терапияға аударғым келеді. Ол әрбір мұқтаж балаға қарастырылуы керек деп ойлаймын. Себебін бәріміз білеміз. Ол балалардың өмірін ұзартады», – дейді Петропавл тұрғыны Яна Майсак.

«Денсаулық сақтау министрлігінде 240-тан астам хаттама мен 70-ке жуық медициналық көмек көрсету стандарты бар. Біз муковисцидозды емдеу хаттамасын қайта қарау мәселесін бақылауға аламыз. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, хаттаманы қайта қарауға штаттан тыс барлық маман тартылды. Нарыққа шығарылып жатқан әрбір мақсатты дәрі-дәрмек экономикалық талдауды қажет етеді. Біз әрқашан бірінші кезекте олардың тиімділігін зерттейміз. Кейбір препараттардың клиникалық түсініктемесі жетіспейді. 1 шілде күні біз алғаш рет республикалық деңгейдегі сирек кездесетін аурулар орталығын ұйымдастырдық», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында тұратын Юлия Капатуринаны өзге мәселе алаңдатады. Ол аутизммен ауыратын 6 жасар баланы тәрбиелеп отыр. Солтүстікқазақстандық нәзікжандының сөзінше, ауылда да, Петропавлда да баласын дұрыс тексермейді.

«Босану өте қиын болды, соның салдарын қазір тартып отырмыз. Ауылымыздағы дәрігерлердің арнайы бақылауын ешқашан көрмедік. Петропавлда невропатолог дәрігер балада бірдеңе барын байқап, оңалтуға жіберді. Курстан кейін мен ол дәрігерді таппадым. Ауылдағы дәрігерлерге балаға көмек керек екенін, дамымай жатқанын айттым. Маған ұл балалар тез дамымайды, балаңыз 3 жаста сөйлейді деді. Ұлым қазір 6 жаста, биыл мүгедектік алдық», – дейді Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Новоишимское ауылының тұрғыны Юлия Капатурина.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл іске облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарын аударды және Юлия Капатуринаға ұлы жақын арада Астанадағы орталықта тексеруден өтетініне уәде берді.

Shares