Қытайлық кәсіпкерлер СҚО-мен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр
Қытай делегациясының сапары аясында Тайынша ауданындағы «Тайынша Май» ЖШС алаңында Солтүстік Қазақстан облысы мен Қытайдың Шэньси провинциясы өкілдері арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
СҚО-ның қытайлық инвесторларды тартуда әлеуеті зор. Еуропа мен Қиыр Шығыс бағытындағы негізгі жүк тасымалының 70%-ға жуығы біздің облыс арқылы өтеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 2,4 миллиард доллардың өнімі өндірілді. Бұл жалпы қазақстандық үлестің 12 пайызын құрайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыста «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, өзге елдерден инвесторлар тартуға зор мүмкіндіктер ашылды.
«Экспортқа жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындармен өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін 2019 жылы «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бүгінгі таңда шетелдік бизнес өкілдері географиялық жақындық, дамыған логистика мен АЭА мүмкіндіктеріне байланысты аймаққа инвестиция салуға мүдделі. Салық және кедендік жеңілдіктер бар. Біз сондай-ақ осы жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бюджеттік қаражатпен көмектесеміз. Солтүстік Қазақстанда астықты тереңдете өңдеу, майлы дақылдарды, сүт өнімдерін қайта өңдеу сияқты жобаларды жүзеге асыру үшін жобаларды қарастыруды ұсынамын және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, балық фермалары мен жылыжай кешендерін салу бойынша белгілі ұсыныстарымыз бар. Шаньси провинциясы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп есептеймін және оны жан-жақты дамытуды ұсынамын», – деді СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Өз кезегінде Қытай делегациясының басшысы, Шэньси провинциялық партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілген екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан ең ірі ауылшаруашылық өндірушісі және әлемдегі ең маңызды экспорттаушы болып табылады. Шэньси провинциясына жыл сайын Қытай-Еуропа жедел пойызы арқылы ұн, май, бал және тағы басқалар жеткізіледі. Мұндай маңызды ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру керек.
«Бұл жолы мен Солтүстік Қазақстан облысына екі елдің басшылығы арасында қол жеткізілген келісімді енгізу және жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында арнайы келдім. Шаньси провинциясы Қытай мәдениетінің бесігі болып табылады. Біз Қазақстанмен ынтымақтастығымызды тынымсыз дамытып, тереңдетіп жатырмыз. Қытай-Еуропа пойызының 60 пайыздан астамы сіздердің елдеріңіз арқылы өтеді. Құрметті әріптестер мен достар, біз одан әрі ынтымақтастыққа өте мүдделіміз, бүгін қол қойылатын келісімдер біздің елдеріміздің одан әрі дамуына көмектеседі деп сенемін», – деп қосты делегация басшысы Чжао Идэ.
Кездесу соңында «Kazakh Invest» АҚ аймақтық филиалы мен «Айдзю» компаниясы, сондай-ақ қазақстандық «ҚазНұрХолдинг» дистрибьюторлық компаниясы мен Қытайдың «Xi’an Onis Trade Co., Ltd» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды.