Қытайлық студенттер Қозыбаев университетінде білім алады
Қытайдың Шэньси аймағы Янлинг қаласында орналасқан Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінен 13 студент Қозыбаев университетіне оқуға келді. Өз кезегінде солтүстікқазақстандық 11 студент Қытайда білім алмақ. Мұндай алмасу екі университет арасында қол қойылған келісім-шарттың аясында орын алды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Біз бірлескен қос дипломдық магистратура бағдарламаларын да іске қосу жайлы пікір алмастық. Оның аясында 1 семестр оқыту бізде жүргізілсе, 3 семестр Қытайда жүргізіледі. Мына салаларды қамтыдық: агрономия, азық-түлік қауіпсіздігі, агробизнес, агроменеджмент. Сонымен қатар, қытайлық студенттерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқу, үйрену ұсынылды. Сондай-ақ мұғалім алмасуды жалғастырамыз», – деді Басқарма Төрағасы – Ректорының м.а. Рената Апергенова.
Аспан асты елінің жетекші университетімен ынтымақтастық 2018 жылы басталды. Онда жергілікті университеттегі агробио стансасының базасында агротехнопарк ашылды. Қазір ол жерде өсімдік сорттарын сынау бойынша бірлескен зерттеулер жүргізілуде. Серіктестер Қозыбаев университетіне тарту ретінде ғылыми зерттеулер жүргізуге және жастарға білім алуға жоғары дәлдіктегі зертханалық жабдықты сыйға тартты.
«Қазірдің өзінде бізде зерттеу саласында көптеген келісім бар. Біз құрамына Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ кіретін Жібек жолының аграрлық білім және ғылыми инновациялар альянсын құру бастамасын көтерген кезде ынтымақтастықты бастадық. Бірден сіздердің университеттеріңізді серіктес ретінде таңдадық. Себебі, бұл университет – Қазақстандағы ең үздік университеттердің бірі. Айта кету қажет, біз ауыл шаруашылығы бойынша өте мықты бағдарламалары бар Қозыбаев университетінің агротехнологиялық факультетін біраздан бері білеміз», – деді Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің Вице-Президенті Луо Джун.