Қызылжар аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алуларды техникалық құжатсыз өткізбек болған
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы білім бөлімінің мемлекеттік сатып алуларына талдау жүргізді. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
2023 жылдың шілде айында Қызылжар аудандық білім бөлімі Соколов орта мектебінің шатырына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу мақсатында 17,5 млн теңгеге міндетті техникалық сипаттамасыз мемлекеттік сатып алулар жариялады. Сондай-ақ, 1,4 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңы сатып алынды. Дегенмен, техникалық талапта қауіпсіздік сертификаты жоқ болып шыққан.
«Қызылжар ауданы прокуратурасының араласуынан кейін ғана жоғарыда аталған сатып алулар жойылды, аудандық білім бөлімінің 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мемлекеттік сатып алулар қайта жарияланды», – деп толықтырды прокуратура өкілдері.