Қызылжар ауданының тұрғындары “Ауыл аманаты” жобасын белсенді түрде қолдануда
Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданының 45 тұрғыны “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 398 млн теңге жеңілдетілген займ алды. Олар өздерін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, қосымша жұмыс орындарын құрды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Ауыл аманаты” жобасы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған. “Солтүстік” ӘКК” АҚ – бағдарламасының операторы. Ұйым 2023 жылы өңірге бөлінген 1,8 млрд теңге мөлшеріндегі барлық сомаға 236 өтінімді мақұлдады.
Прибрежное ауылының тұрғыны Станислав Волков техникалық қызмет көрсету станциясына қосымша жабдық сатып алуға 8 млн теңге көлемінде қарыз алды. Екі көтергіш сатып алынды және кәсіпкер үйінің ауласында орналасқан жүз шаршы метрді кеңейтті. Тәжірибелі шебердің клиенттері жеткілікті. Станцияның кеңеюімен көмекшілер қажет болмақ.
“Мен екі көлікке арнап тағы бір үлкен орынды қостым, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, келесі қысқы маусымға бумен жылытуды жүзеге асырамыз, сонда жылу бірден екі орында болады. Қарызды уақытында төлеу және отбасын қамтамасыз ету үшін бәрін алдын-ала есептедім. Ай сайынғы төлем өте қолжетімді. Ең бастысы – жұмыс істеу, ерінбеу. Ақша табуға болады”, – дейді Волков.
Ал аудан орталығының тұрғыны Мадина Қабаева ауыл тұрғындарына лазерлік эпиляция бойынша қызмет көрсетеді. Қарыз қаражатына Германияда өндірілген қымбат заманауи Holkon аппаратын сатып алыпты ол.
“Аппараттың құны 3 млн теңгені құрайды. Мен алты ай ішінде шығындарды өтеп, табыс табу үшін жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Бәсекелестер болса да, пайдалы кәсіп дегім келеді. Клиенттер болмай қалады деп алаңдамаймын. Кабинетті жалға аламын, қызмет көрсету аясын кеңейту үшін өзімдікі деген нысан сатып алғым келеді. Мамандығым бойынша дерматокосметологпын. “Ауыл аманаты” бағдарламасы маған өз ісімді бастауға мүмкіндік берді. Төмен пайыз, демалыс кезеңі, несиелеудің оңтайлы мерзімі. Баршаңызға бағдарламаны ұсынамын”, – деді Мадина Қабаева.
Негізінен, ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға өтініш беріпті. Екінші орында – техника мен жабдықтар сатып алу, үшінші орында – сауда. Берілген жеңілдетілген қарыздың орташа сомасы 7,3 млн теңгені құрады. “Ауыл аманаты” жобасын іске асыруға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.