Смирновода сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
Аққайың ауданында 31 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Облыс тұрғындарының 99,9 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаған брифингте Жанар Құсайын айтты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Смирново ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша құны 3,6 млрд теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылуда. Қиялы, Камышлово, Кучковка және Барыкөлауылдарында таза су қоймаларын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда», – деді Аққайың ауданының әкімі брифингте.
Жанар Құсайын Добровольское, Көктерек және Кенжеғалы ауылдарында су қоймалары құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша мемлекеттік сатып алу ресімі жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар ауданда Степное және Борки ауылдарына таза су қоймаларын салудың жобалық құжаттамасын әзірлеуге құжаттар дайындау мәселесі қарастырылуда.