Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 21 резидент дәрігер келген
Облыста медициналық көмекті 1444 дәрігер мен 4932 фельдшер көрсетеді. Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы – 144, облыстық ұйымдарда – 71, аудандық ұйымдарда – 73, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қосымша 174 орта медицина қызметкерін жұмыспен қамту қажет. Облыс бойынша 76, аудандық мекемелерге 98 ақ халаттыларды жұмысқа орналастыру қажет. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңес отырысында Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижанов айтты.
Соным ен қатар басқарма басшысы Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері медициналық ұйымдарға 131 дәрігер мен 386 орта медицина қызметкері қабылданғанын сөзге тиек етті.
«Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен медицина саласының қызметкерлеіне көтерме ақыны 1 000 000 теңгеден 5 000 000 теңгеге дейін көтеру қарастырылған. 1 қарашадағы жағдай бойынша 52 дәрігер жалпы сомасы 181 000 000 теңге жәрдемақы алды. Мамандар Петропавл қаласында «Дәрігерлер үйінде» тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, аудандарда қызметтік тұрғын үйді жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді; Сондай-ақ 3 жылға жалға берілетін баспананың қосымша төлемі қарастырылған», – дейді Қаныш Бижанов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыс әкімдігіне 8,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдау шаралары төленетін тапшы мамандықтардың тізбесін бекіту үшін жоба жіберілген.
Сонымен қатар, спикер қоғамдық кеңес мүшелеріне 2024 жылы жергілікті бюджеттен резидентураны оқытуға 50 грант бөлінгенін айтты. Қазіргі таңда келісім-шарттар жасалып, 34 резидент білім алуда. Жыл басынан бері облысқа 21 резидент дәрігер келген. Олардың барлығы облыстағы медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан.