Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Солтүстік Қазақстан қандай археологиялық жаңалықтармен танымал?

Солтүстік Қазақстан қандай археологиялық жаңалықтармен танымал?

Археологиялық қазба жұмыстары ғалымдарға мыңжылдықтарды парақтауға, әр дәуірдегі заттарды табуға, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін білуге мүмкіндік береді. Жыл сайын 15 тамызда Археологтар күні аталып өтіледі. Бірақ мерекенің ресми мәртебесі жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы – тарих мекен. QZ Media тілшісі әрқашан таңғажайып жаңалықтар ашатын жергілікті археологтар туралы әңгімелейді.

Археологтардың Солтүстік Қазақстанның құпиясын зерттей бастағанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде олар таңғажайып жаңалықтар ашты, бірегей ежелгі ескерткіштерді зерттеді. Барлығын рет-ретімен баяндайық.

Виктор Зайберт – әлемде беделі бар көрнекті археолог. Ол студент кезінде, нақтырақ айтсақ, 1967 жылы басталған Солтүстік Қазақстан облысының археологиялық ескерткіштерін ауқымды зерттеуге ат салысты. Ал 1980 жылы Айыртау ауданындағы бірегей нысан – «Ботай» қонысын ашты. Бұл жерде Ботай мәдениеті туралы таңғажайып тарихи деректер бар. Әртүрлі ел ғалымдарының зерттеулері дәл осы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жылқыны алғаш қолға үйрету біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта болғанын растады. Бұл – Ботайдың басты тарихи құндылығы. Алайда Виктор Зайберттің зерттеулері күні бүгінге дейін аяқталмаған.

Анатолий Плешаков – Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір көрнекті археологы, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың еңбек сіңірген профессоры. Ол 40 жылдан астам Солтүстік Қазақстан экспедициясын басқарып келеді. Жерлесіміз Виктор Зайбертпен бірге екінші қазба жұмыстарына барғанда небәрі 16 жаста еді. Бүгінде Анатолий Андреевичтің өзі жас археологтарды дайындап, олармен бірге 2000-шы жылдан бері Долматово ауылына барады. Мұнда Ақ-Ирий қалашығы аумағында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есіл өзенінің биік жағасынан бекіністері, оры, күйдірілген кірпіш сынықтары мен металл қалдықтары қалған, өндіріс орындары болған тұтас бір қаланың іздері табылғаны көпке мәлім. Ғалымдар Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы сақ әлемінің осы шекарасына жеткенін анықтады. Олар ерте темір дәуірінде ақша ретінде пайдаланылған, бертін келе табылған дүниелерге байланысты осындай қорытындыға келген. Елді мекенді зерттеу әлі де жалғасуда.

Солтүстік Қазақстан облысының археологтары 2019 жылдың қыркүйек айында да Уәлиханов ауданында сенсациялық жаңалық ашты. Мұнда Алтын Орда дәуірінің бірегей ескерткіші табылды. Одан кейін М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері мен оқытушылары Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдерімен бірлесе отырып, Алтын Ордадан қалған қорымдары бар бірнеше көне кесенелерді, сондай-ақ кірпіш пен сәулеттік әшекейлер салынған шеберханалар мен пештердің қалдықтарын тапты. Сонымен қатар, су көтергіш механизмдермен жасалған қыш ыдыстардың көптеген сынықтары табылды.

Айта кету керек, Петропавлда да археологиялық ескерткіштерді табуға болады. Мәселен, Есіл өзенінің маңында Солнечный-2 ықшам ауданына инженерлік желілер мен жолдарды салу кезінде өткеннің ескерткіші табылды. Ол – ертедегі көшпенділер – сақтар дәуіріне жататын қорған. Әзірге бұл жер туралы ақпарат аз. Қазір Археология институты қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

 

Shares