Солтүстікқазақстандық заңсыз қару сақтағаны үшін 78 640 теңге айыппұл төлейді
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық соты ауыл тұрғынына заңсыз қару сақтағаны үшін үкім шығарды, деп хабарлайды QZ News.
Аудандық соттың мәліметінше, жауапкер өз кінәсін мойындап, 2024 жылдың қараша айында ауыл маңындағы орман алқабында жылқы бағып жүргенде мылтық тауып алғанын түсіндірді. Кейін оны үйіне апарып, диванның астына қойып қойған. Ол қаруды қолданбағанын және оны полиция бөліміне тапсыру керектігін білмегенін айтты. Қару сақтауға рұқсаты жоқ. Өз әрекетіне өкінетінін жеткізді.
«Қазақстан Республикасының “Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы” Заңының 27-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтық және қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін сақтау ішкі істер органдарынан рұқсат алған заңды және жеке тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. Ал осы Заңның 27-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, табылған немесе өздеріне берілген атыс қаруын сақтау және пайдалану заңды және жеке тұлғаларға тыйым салынады. Мұндай қару ішкі істер органдарына шұғыл түрде тапсырылуы тиіс», – деп хабарлады сот.
Сот қаулысымен Д. кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, тәркіленген қару мемлекет пайдасына алынатын болды. Қаулы заңды күшіне енді.