Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО әкімі мен Beeline өкілдері өңірде ұялы байланысты жақсарту жөнінде әңгіме өрбітті  

СҚО әкімі мен Beeline өкілдері өңірде ұялы байланысты жақсарту жөнінде әңгіме өрбітті  

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығы Beeline Қазақстан компаниясының өкілдерімен кездесті. Онда өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту жайы қаралды. Талқылау барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев, Beeline Қазақстан Бас директоры Евгений Настрадин және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров өңірдегі байланысты одан әрі дамыту бойынша стратегиялық қадамдарды белгіледі, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
 
2023 жылы Beeline Қазақстан Солтүстік Қазақстан облысында 15 жаңа базалық станция орнатты, ал 2024 жылы бұл санды 34-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр.

“Ақ дақтарды” жоюға ерекше назар аударылады. Бұл – ұялы байланыс тұрақты қамтылмаған аймақтар. Жаңа базалық станциялар осындай аймақтарда сапалы байланысқа қол жетімділікті едәуір жақсартады. Қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту да басымдыққа айналады: егер 2023 жылы 41 базалық станцияның жұмысы жақсартылса, 2024 жылы өткізу қабілетін кеңейту және 287 базалық станцияны жаңғырту жоспарлануда. 

“Қазақстан өңірлерінде сапалы және қолжетімді байланысты дамыту – бұл біздің басымдығымыз ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық міндет. Біз Цифрлық инфрақұрылымның экономикалық дамуда шешуші рөл атқаратынын түсінеміз. Солтүстік Қазақстан облысына ресурстарды, білім мен технологияларды бағыттауға дайынбыз. Мақсатымыз – өңірдің өркендеуіне заманауи байланыстың қалай ықпал ете алатындығы көрсету, СҚО-ны үлгі ету”, – деп атап өтті Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадин.

Сонымен қатар, Beeline Қазақстан облыста өрттің алдын алу үшін Orman-Ai бейнемониторинг жүйесін сәтті енгізді. Жеті базалық станцияға орнатылған камералар тәулік бойы жағдайды бақылайды, өртті уақтылы анықтайды және жедел шаралар қабылдауға көмектеседі. Бұл цифрлық өнімнің басқа аймақтарда тиімділігі дәлелденген, аймақтың қауіпсіздігі мен экологиясын қорғауда маңызды рөл атқарады. Ұялы байланыс операторы аймақтағы өрт ошақтарының алдын алу үшін тағы 10 камера орнатуды жоспарлап отыр.
 
Кездесуде өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру үшін жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды. Ресурстарды басқаруды жақсартуға және коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін NB-IOT желісін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды. 

“Біз өңірдегі байланысты жақсартуға мүдделіміз және Beeline Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Бірге ортақ мақсаттарға қол жеткізу және өңір тұрғындарын жоғары сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету үшін үлкен және маңызды жұмыстар атқаруымыз керек”, – деп атап өтті СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев.

Shares