Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да 1980-жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген жол 2025 жылы жаңартылады

СҚО-да 1980-жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген жол 2025 жылы жаңартылады

2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жол желісін ауқымды жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы жөнделетін жол учаскелерінің ұзындығы шамамен 215 шақырымды құрайды, оның ішінде стратегиялық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» тасжолының елеулі бөлігі бар, деп хабарлайды QZ News.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалының мәліметінше, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары облыстың үш ауданынан өтетін учаскелерде – Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында басталып кеткен.

Әсіресе, жалпы ұзындығы 954 шақырымды құрайтын «Жезқазған – Петропавл» жолына ерекше назар аударылуда. Соның 359 шақырымы Солтүстік Қазақстан облысының аумағынан өтеді. Бұл жол 1980-жылдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген және ұзақ уақыт бойы кешенді жаңартуды қажет етіп келді. Бұған дейін тек жекелеген бөліктерге ағымдағы жөндеу жүргізілген. Өткен жылы трассаның 83 шақырымы қайта жаңартылған болатын.

«Биыл «Жезқазған – Петропавл» трассасының жөнделетін бөліктерінде асфальтобетон жабынын күрделі жөндеу ғана емес, тоғыз су өткізгіш құбырды ауыстыру, төрт заманауи автопавильон орнату, жаңа жол белгілерін қою және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында тосқауыл қоршауларын орнату жоспарланған», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалы.

Жол инфрақұрылымын жаңарту көлік қатынасын жақсартып, жолдағы қауіпсіздікті арттырып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай қалыптастырады.

Shares