СҚО-да әйелдерге қатысты 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 2 ай ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде әйелдерге қатысты 527 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Көп жағдайда еркектер әйелдерге қол көтеріп, озбырлық көрсетеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында мәлім болғандай, 96 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынса, 60 адамға ескерту жасалды. 1 адамға айыппұл салынды.
«Осы жылдың 2 айында облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 55,5%-ға азайған. Сондай-ақ әйелдерге қатысты тұрмыс саласында жасалған қылмыстардың саны 20%-ға төмендегені байқалады», – деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Әсия Әбжанова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, оның ішінде балаларға әлеуметтік қорғау жүйесінде арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Серік Такумбетов атап өткендей, зардап шеккендерге тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, экономикалық, заң және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетілді.
«Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шеңберінде 6 айға дейінгі мерзімге баспанада уақытша тұру, мамандармен жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады. Бескөл ауылында орналасқан 20 орынға есептелген. 2021-2023 жылдар аралығында онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 175 құрбаны, оның ішінде ата-анасымен не заңды өкілдерімен жүгінген 98 бала арнайы әлеуметтік қызметтпен қамтылды. Қазіргі уақытта баспанада 9 баласы бар 20 әйел тұрып, көмек алып жатыр», – деп атап өтті Серік Такумбетов.
Бұдан бөлек, 2021 жылдан бастап облыста «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда отбасы және неке, тұрғын үй қатынастары, еңбек заңнамасы, психологиялық көмек мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беріледі. Былтыр орталыққа 1823 отбасы жүгінді.