СҚО-да ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы балаларды мектепке жинауға көмектесу үшін 2,6 млн теңгеден астам қаражат бөлді
1 тамыз күні басталған “Мектепке жол” республикалық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Естеріңізге сала кетейік, акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларды, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды материалдық қолдауға бағытталған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Бұл бастаманың мақсаты – оқушыларды оқуға қажетті барлық заттармен қамтамасыз ету және тең білім беру мүмкіндіктерін жасау. Демеушілер, меценаттар, әлеуметтік серіктестер, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мектеп және спорт формаларын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын ұсына алады.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, “Шағала-Агро” ЖШС директоры Бәри Ғабдолқапар оқу жылы басталар алдында қоластында ата-анасы жұмыс істейтін 70 оқушыға демеушілік көмек көрсеткен. Балалар мектеп формасынан бастап кеңсе тауарларына дейін оқу үшін қажет нәрсенің бәрін алды. Кәсіпкер бөлген көмектің жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден асты.