СҚО-да денсаулық сақтау, педагогика ғылымдары, өнер және қызмет көрсету саласы мамандарын даярлауға 68 грант бөлінді
Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен жаңа оқу жылына жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, жергілікті бюджеттен 68 грант бөлінді. Атап айтқанда, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға резидентураға 50 грант бөлінді.
Тағы 18 грант педагогика ғылымдары, өнер және қызмет көрсету саласына бөлінді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі білім басқармасына экономика салаларындағы мамандарға сұранысты сараптап, алдағы оқу жылына грант бөлу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.