СҚО-да көкжөтел жұқтырған балалардың 98% – егілмеген ұл-қыздар
СҚО-да 2024 жылдың 8 айында көкжөтел жұқтырудың 87 жағдайы тіркелді. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде айтылғандай, ауырып қалған балалардың 98% – егілмеген ұл-қыздар. Осыған байланысты өңірде жағдай ушығып отыр, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Көкжөтел – ауыз қуысында, мұрында және көмейде өмір сүретін Bordetella pertussis бактериясы тудыратын тыныс алу жолдарының өте жұқпалы ауруы. Негізінен балалар ауырады.
Көкжөтелдің қоздырғышы ауа арқылы таралады, ол науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде енеді. Көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті. Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жоқ.
“Науқастардың 95% немесе 82-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85 жағдайға өсім байқалады. Аумақтық жағдайға қарасақ, ең жоғары үлес салмағы Петропавл қаласында тіркелді – 75% (65 ж.), Қызылжар ауданында – 10,4% (9 ж.), Ғ.Мүсірепов ауданында – 3,5% (3 ж.), Айыртау, Есіл, Мамлют және Шал ақын аудандарында 2,3% (2 ж.), ал М.Жұмабаев және Тайынша аудандарында 1,2% (1 ж.)”, – деп атап өтті облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері.
Балаларды және барлық ересектерді көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – ерте балалық шақтан басталатын вакцинация. Алғашқы вакцинация 2, 3, 4 және 18 айларында басталады, содан кейін 6 жаста жүргізіледі.
“Көп жылдық тәжірибе егу жиілігі мен егу аралықтарын сақтау қажеттілігін растайды. Егер осы жағдайлар сақталса, дененің көкжөтел ауруына жеткілікті күшті иммунитеті пайда болады. Құрметті ата-аналар, балаңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз. Балаңызға вакцинацияны уақтылы алуға және еліміздің дені сау азаматы болып өсуге көмектесіңіз”, – делінді департамент қабырғасында.