СҚО-да қаңғыбас иттерден 350-ден астам адам зардап шекті
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында кезекті алқа отырысы өтіп, онда жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарда 2023 жылы және 2024 жылдың 9 айында ветеринарлық заңнаманы сақтау мәселесі қаралды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Ірі қара малдың бруцеллезбен ауруының 272-ден 613-ке дейін және ауыл шаруашылығы малдары өлімінің 11 519-дан 13 395-ке дейін өсуіне назар аударылды. Күйдіргі көмінділерінің, мал қорымдарының жай-күйі, жануарларды жалған вакциналау, сою пункттері мен алаңдарының жеткіліксіз болуы елеулі алаңдаушылық туғызады. Нәтижесінде, барлық анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер облыс аумағында теріс эпизоотиялық жағдайға әкелді”, – деп хабарлады СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының қолданысқа енгізілуімен қаңғыбас иттерді ату практикасы тоқтатылды. Алайда, ветеринарлық қызметтер заңмен көзделген жұмыстың жаңа форматын әзірлеген жоқ. Аталған іс-қимылдардың нәтижесінде өңірде азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін үйсіз иттердің саны көбейді. Бүгінгі күні қаңғыбас иттерден 350-ден астам адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар зардап шекті.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры уәкілетті мемлекеттік органдардан жылдан жылға жол берілетін жүйелі бұзушылықтарды жоюды талап етті, сондай-ақ күйдіргі жерлерді, мал қорымдарын сәйкестендіруді және жаңа сою пункттері мен жануарларды ұстауға арналған уақытша орындар салу мәселелерін шешуді тапсырды.
Облыс әкімдігіне өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсарту үшін ұзақ мерзімді өңірлік бағдарлама әзірлеу ұсынылды.