СҚО-да қоныс аудару бағдарламасы бойынша бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы қоныс аудару бағдарламасы аясында әлеуметтік келісімшарт талаптарының бұзылуы және тұрғын үй құнының жасанды түрде қымбаттатылғанын анықтады. Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Жамбыл аудандарының қоныс аудару бағдарламасына қатысушылары әлеуметтік кодекс пен ерікті қоныс аудару қағидаларын бұза отырып, мемлекеттік өтемақыны барынша алу мақсатында сатып алынған тұрғын үйдің нақты құнын негізсіз арттырған, деп хабарлайды QZ News.
Мемлекетке келтірілген шығын жалпы сомасы 11,3 миллион теңгені құрады.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
“Аудандық сот үкімімен қоныс аудару бағдарламасының үш қатысушысы 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына кесілді (үкімдер заңды күшіне енді). Сонымен қатар, мемлекеттен материалдық көмек алған бағдарлама қатысушылары әлеуметтік келісімшартпен қабылданған міндеттемелерді бұзып, қоныстанған аймақтан басқа өңірлерге тұрақты тұруға кеткен. Соған қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары 103,6 миллион теңгені кері қайтару бойынша ешқандай шара қолданбаған”, – деп мәлімдеді СҚО прокуратурасы.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде 25 лауазымды тұлға (оның ішінде Мансап орталықтардың 11 филиал басшысы) тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 19,1 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Қалған сома бойынша сотқа талап-арыздар берілді, олар қазіргі уақытта қаралуда.