СҚО-да су тасқынына байланысты жазғы ҰБТ-ның күндері өзгерді
СҚО-да ағымдағы жылы жазғы ұлттық бірыңғай тестілеу су тасқыны жағдайына байланысты кейінірек басталады. 6 мамыр күні ҰБТ-ға қатысуға өтініштер қабылдау басталды, ол 20 мамырға дейін жалғасады. Біздің облыс үшін өтініштерді қабылдау мерзімі 6 күнге ұзартылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Тестілеуге қатысу үшін түлектер Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы app.testcenter.kz жеке кабинеті арқылы онлайн өтініш береді. 6 мамырдан 13 мамырға дейін тек – алғашқы мүмкіндікке, ал 14 мамырдан 20 мамырға дейінгі 2-ші мүмкіндікке өтініш беруге болады. Өтініш берген кезде түлек ҰБТ тапсыру күнін, уақытын және пункті өзі таңдайды. Жазғы ҰБТ-ға мектеп түлектері тегін қатысады. Сондай-ақ, біздің облысымыз үшін тестілеу жеке кесте бойынша жүргізіледі, егер жалпы еліміз бойынша 16 мамырдан 5 шілдеге дейін болса, бізде 25 мамырдан 12 шілдеге дейін өтеді”, – деді СҚО білім басқармасының бас маманы Мария Исмагамбетова.
Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі жазғы ҰБТ-да төмен балл алған жағдайда қаңтар немесе наурыздағы тестілеудің ең жоғары нәтижесі ескеріледі. Биыл 11 сыныпты 3 мыңнан астам түлек аяқтайды.
Тестілеу форматы бұрынғыдай. ҰБТ Ustudy орталығының 2 пунктінде компьютерлік форматта өтеді: Петропавлда және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында.