СҚО-да сыбайлас жемқорлықпен күресушілер 17 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында СҚО-да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру туралы айтылды. Сыртқы талдаудың арқасында кемшіліктер кәсіби спорт саласында анықталды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Мәселен, “Қызылжар” ФК-ның қаржылық шығыстарын бақылау жүйесінін болмауы тәуекелі анықталды. Техникалық ерекшеліктерді, мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін, баламалы коммерциялық ұсыныстарды зерделеу барысында бюджет қаражатының жұмсалуын спорт басқармасының бақылауы бойынша бекітілген нормалардың абсолютті сақталмауы анықталды, бұл талаптардың бұзылуы болып табылады”, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Орман пайдалану саласында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері табылды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы орман шаруашылығында үш жыл ішінде 64 мың текше метр отын ағашы берілген. Оның көп бөлігі осы шаруашылық директорының жұбайына босатылған.
“Сонымен қатар, талдау барысында директор қолда бар ағаш көлемінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, орман шаруашылығынан шығарудан бас тартып, халықты туыстарынан ағаш сатып алуға жібергені анықталды. Мұндай фактілер Мамлют орман шаруашылығында да байқалады”, – деді Айдос Жүнісов.
Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер жоспарлау сатысында тауарлардың жасанды қымбаттауының алдын алу үшін күн сайын мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді. Мысалы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 4 бөлмелі пәтерді 63,8 млн теңгеге сатып алуды көздеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әрекет еткеннен кейін әкімші мемлекеттік сатып алу жоспарына осы тармақ бойынша өзгерістер енгізді, үнемдеу 35,1 млн теңгені құрады. Соңғы уақытта ведомствода 17 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.