Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да тың жерлерді игерудің 70 жылдығына арналған көрме қанат жайды

СҚО-да тың жерлерді игерудің 70 жылдығына арналған көрме қанат жайды

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде тың және тыңайған жерлерді игерудің 70 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізілді. Кездесуге Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенттері қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Елімізде тың жерлерді игеру үшін жаппай қозғалыс 1954 жылы басталды. Алғашқы екі аптаның ішінде Қазақстанға 25 мың ерікті комсомол келді, сол жылдың маусым айының соңына қарай келушілер саны 75 мыңнан асты. Бір жыл ішінде 337 совхоз ұйымдастырылды. Олар Солтүстік Қазақстан облысын қоса алғанда, 4 облыста құрылды.

“Бұл дәуірлік оқиға болды, қазір ол екіұшты бағалануда. Тың игеру соғыстан кейінгі кезеңде, нанмен қамтамасыз етуде қиындықтар туындаған кезде аса қажет болды. Игеру қажет аумаққа Сібір, Орал, Еділ, Солтүстік Қазақстан аумақтары кірді. Барлығы 42 млн га астам жер бөлінді, Қазақстанға 25 млн га тиесілі болды”,- деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің мұрағатшысы Зәмзагүл Закирина.

Кездесу барысында алғашқы тың игеруші Геннадий Языков балаларға өзінің еңбек жолы туралы айтып берді. Азаматтың көргені мол. Ол қар басқан астықты да жинады, кенеттен өртенген комбайнды сөндірді, сонымен қатар, алқапта талай мәрте рекорд орнатты.

“Біз 6 адамнан тұратын топпен комбайн курсына оқуға түстік, сол кезде ауыл тұрғындарына көмектесу керек деп ойладық. Мен 25 орақ науқанына қатыстым. Бірінші жылы 6 мың центнер астық бастырдым. Сол жылы мені “Тың жерлерді игергені үшін” медалімен марапаттады”, – деді Еңбек ардагері, тың игеруші Геннадий Языков.

Тың жерлерді игеру жөніндегі жоспарлар, жаңа колхоздар мен совхоздардың құрылуы туралы мәліметтер, алғашқы тың игерушілердің тізімдері. Осы және басқа да құжаттар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорларында сақталады.

Shares