Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да үй жануарларының 190-нан астам иесіне айыппұл салынды

СҚО-да үй жануарларының 190-нан астам иесіне айыппұл салынды

Полицейлердің мәліметінше, 2024 жылдың 6 айында облыста иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін бұзған 191 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 213 әкімшілік айыппұл салынды. Оның көлемі 5 миллион 307 мың теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жарты жылдың ішінде ит тістеген адам саны – 486. Қаңғыбас жануарлар – 216 рет, ал үй жануарлары 270 рет тіс батырған. Иттер 172 жағдайда кәмелетке толмаған балаларға шабуыл жасаған. Құтырмаға қарсы емдік-профилактикалық екпені 486 адам алды.

Қазақстанда үй жануарларымен серуендеудің нақты тәртібі бекітілген. Үй жануарларының иелері жануарлармен серуендеу жеке адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін зияннан қорғау жағдайында жүзеге асырылатынын есте ұстауы керек. Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын 1,5 (бір жарым) метрден асатын қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендетуге рұқсат етілмейді. Бұл жерде әр адам жауапкершілік танытуы тиіс. Қоғамдық орындарда оқыс жағдай орын алмауы үшін мамандар мәселені таразылап, тараптарға тиімді шешім қабылдауы міндетті. Сала өкілдері тұрғындарды осыған шақырады.

Тиісті ережеге сәйкес, үй жануарларын серуендету кезінде (ерекше жауапкершілікті қажет ететін үй жануарларын қоспағанда) иелері мен жауапты тұлғалар келесі талаптарды сақтайды:

1) ит қоғамдық орындарда 2 (екі) метрден аспайтын қарғыбаумен серуендейді;
2) итке тасымалдау кезінде, адамдар көп жиналатын жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген орындарда тұмылдырық тағылады;
3) көшені кесіп өткенде, тас жолдардың бойында ит ұзындығы 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа баумен жүреді. Мұндай қадам жол-көлік оқиғаларын және иттің жолдың жүру бөлігінде өлуін болдырмау үшін жасалады;
4) иесі белгілі бір ғимараттың ішінде болған уақыт ішінде итті ерікті түрде шешіп алуды қоспағанда, 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен және тұмылдырығымен ғимараттың қасында қалдыруы мүмкін;
5) иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам басқаларға қауіп төндірмей – тұмылдырығымен және ұзындығы 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен итпен жүре алады;
6) Арнайы бөлінген жерлерде, иттер серуендеу алаңында иттерді еркін серуендетуге рұқсат етіледі.

Мектепке дейінгі, білім беру, дене шынықтыру, спорт және емдеу, медициналық ұйымдардың, мәдениет ұйымдарының, балалар және спорт алаңдарының аумақтарында және үй жануарларын серуендеуге тыйым салатын белгілер орнатылған аумақтарда иттердің өздігінен серуендеуіне жол берілмейді, үй жануарларын серуендетуге болмайды. Әкімшілікпен келісім бойынша спорттық және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, үй жануарларын адам шомылуға рұқсат етілген жерлерде, тоғандарда, субұрқақтар мен су алатын орындарда шомылдыруға немесе жууға тыйым салынады.

Shares