Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-ның 7 мектебінде БЖБ мен ТЖБ өтпейтін болды

СҚО-ның 7 мектебінде БЖБ мен ТЖБ өтпейтін болды

Топан су облыстың білім беру нысандарының жұмысына түзетулер енгізді. Өңірде 460 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларға 17 мыңнан астам тәрбиеленуші барады. Олардың барлығы су басу аймағында орналасқан 12 мектептің жанындағы шағын орталықты қоспағанда, штаттық режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

75 мыңнан астам бала оқитын облыстың 458 мектебінде су тасқыны басталғаннан бері әртүрлі оқыту форматы қолданылды.

“Тайынша, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы әкімдерінің шешіміне сәйкес, осы аумақтарда ТЖ режимі жарияланды. Бұл аудандардағы мектептер бір сәтте қашықтықтан оқытылды. ТЖ қаупі төмендеген сайын мектептер оқытудың штаттық форматына көшуде. Бүгінгі таңда 53 мектептің 33 мыңнан астам оқушысы қашықтықтан білім алуда. Оның 41-і – қала мектептері. Қызылжар ауданында – 12 мектеп (3475 оқушы). Екі мектеп – Вагулин және Красноярский аралас оқыту форматына көшті, өйткені бұл мектептерге 24 бала тасымалданады. Бұл балалар жолдардың жай-күйіне байланысты қашықтықтан оқуда. 122 бала мектепке оралды”, – деді СҚО білім басқармасы басшысының м.а. Татьяна Протопопова.

Қызылжар, Тайынша және Тимирязев аудандарының үш мектебінде де балалар аралас форматта оқиды. 373 бала – штаттық, 35 бала – қашықтықтан оқу форматына ауыстырылды, оларды мектепке апару әзірге мүмкін болмай отыр.

“Ойқала шағын ауданын, Заречный кенті мен Былғары зауыты ауданын су басуға байланысты тұрғындар мен №12, 13, 14 мектеп оқушылары эвакуацияланды. Жалпы, бұл – 911 оқушы. Оның 13-і эвакуациялық пункттерде орналасқан, балалардың басым бөлігі туыстарында тұрады, 62 бала ата-анасымен бірге жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Әр оқушы сынып жетекшілерімен байланыста, осындай оқушылармен қашықтықтан оқыту форматы пысықталды. Қалған мектептер қалыптасқан жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды”, – деді Татьяна Протопопова.

15 сәуірден бастап облыстың оқу орындарында БЖМ мен ТЖБ басталды. Білім басқармасының шешімімен олар Қызылжар ауданының 4 мектебінде, сондай-ақ 3 қалалық мектепте өтпейтін болды. Бұл білім беру объектілері су басу аймағында орналасқан.

Shares