СҚО ПД бастығы: “Сіздердің мүліктеріңіздің сақталуын қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері бар күш-жігерін салуға дайын”
Полиция қызметкерлері топан су келген үйлер мен қосалқы шаруашылықтарды күзетке алды. Бұл туралы облыстық полиция ведомствосының бастығы Айдын Қабдұлдинов мәлімдеді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі СҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көктемгі су тасқыны басталғалы Петропавл қаласы және облысымыздағы барлық аудандардың полиция қызметкерлері күшейтілген түрде қызмет атқарып жатыр.
“Басты міндетіміз – тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тонау фактілерін болдырмау және тұрғындарға барынша көмек көрсету”, – деді СҚО ПД бастығы.
Бұл үшін тәуліктік кезекшілікке 361 полиция қызметкері жұмылдырылған, оның 130-ы – патрульдік полиция батальонының инспекторлары.
“Қаланың және су басқан ауылдардың көшірілген тұрғындарын, эвакуацияланып жатқан азаматтарды үрейлі хабарламаларға берілмеуге шақырамыз. Қазіргі уақытта жағдайдың қиындағанын, су тасқыны көпшілікті сергелдеңге салғанын түсінеміз. Сіздердің мүліктеріңіздің сақталуын қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері бар күш-жігерін салып, барлық ресурстарын жұмылдыруға дайын. Жаяу жасақтар мен автопатрульдер аталған аумақтарды тәулік бойы патрульдейді. Барлық үйлер мен қосалқы үй-жайларды күзетке алдық”, – деді департамент бастығы.
Айдын Қабдұлдинов қала және өңір тұрғындары мен қонақтарынан уақытша туындаған қолайсыздықтар мен шектеулерге түсіністікпен қарауларын сұрады. Қоғамдық тәртіп бұзылған немесе қылмыс орын алған жағдайда – мекенжайды және оқиғаның мән-жайын көрсете отырып, бірден «102» арнасына хабарласыңыздар.
“Полицияның да жұмысына түсіністікпен қарап, адамдар мен үй жануарларын эвакуациялау кезінде қажетті көмек көрсетулеріңізді, сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды әрекетіне кедергі келтірмеулеріңізді сұраймын.
Сабырлық сақтап, тек ресми хабарламаларға сеніңіздер!”, – үндеуін түйіндеді Айдын Қабдұлдинов.