Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Үлкен көлемдегі су СҚО-ның үш ауданы мен Петропавлға қауіп төндірмек

Үлкен көлемдегі су СҚО-ның үш ауданы мен Петропавлға қауіп төндірмек

Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудандарында су тасқыны жағдайы тұрақталды. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне СҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Қазір құтқарушыларды Сергеев су қоймасындағы күрделі жағдай алаңдатып отыр. Мұнда тораптың ернеуінен асқан судың биіктігі кешеден бері 425 см-лік белгіні сақтап тұр.

“Облыс бойынша 40-қа жуық үй су астында қалды. Оның 13-іне адамдар қайтып барды. Есіл өзенінің төменгі жағында орналасқан облыстың үш ауданына қауіп төніп тұр. Бұл – Шал ақын, Есіл, Қызылжар. Сондай-ақ Петропавл қаласының шетіне де су кіруі ықтимал”, – деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Мұрат Қанғожинов халықты қорғау үшін бұған дейін тұрғызылған, сондай-ақ жаңа қорғаныс құрылыстары нығайтылатынын хабарлады. Қазір облыс аумағының шамамен 30%-ы қармен жабылған. Сондықтан құтқарушылар еріген судың қозғалысын бақылау үшін аумақтарды аэровизуалды тексеруді жалғастыруда.

“Материалдық зардап шеккен жандар ТЖ жария етілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді. Қазір ЖАО бұл тізімдерді су басу фактілері бар аудандарда қалыптастыруда”, – деді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар

Су тасқыны басталғаннан бері 280 адам эвакуацияланды, олардың 44-і үйлеріне оралды. 111 үй маңындағы аумақ су астында қалды. Облыс прокурорының бірінші орынбасары айтқандай, су тасқыны кезінде халық тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сену керек. Жалған деректерді таратқаны үшін заңмен кылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп еске салды Әбу-Әли Саттар.

Shares