Явленкада қауіпсіздік мәселелері бойынша ТҚК-ның көшпелі отырысы өтті
Явленка ауылында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен терроризмге қарсы комиссияның (ТҚК) көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды QZ News.
Жиынға құқық қорғау, арнайы және атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ аудан әкімдері қатысты. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы ретінде тағы да атап өтілді.
Отырыс барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асу барысы қаралды. Алдын алу шаралары, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және ықтимал қауіптерге әрекет ету тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша нысандардың қорғалу деңгейін арттыру және экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарының тиімділігін күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Комиссия мүшелері сондай-ақ бірқатар әлеуметтік және мемлекеттік нысандарды – Явленка ауылындағы мектепті, аудандық полиция бөлімін, сауда үйі мен әкімдік ғимаратын аралап, олардың терроризмге қарсы қорғалуы бойынша бағалау жүргізді.