Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Жаға жыртысатын мас қонақтар солтүстікқазақстандық рестораторлардың мазасын қашырып тұр

Жаға жыртысатын мас қонақтар солтүстікқазақстандық рестораторлардың мазасын қашырып тұр

Солтүстікқазақстандық рестораторлардың басты мәселесі – мас қонақтарды күту. Олар сөз таластырады, жаға жыртысады. Мұндай фактілер көңіл көтеру орындарының рейтингін түсіріп қана қоймай, мекемеге ауыз толтырып айтарлықтай материалдық шығын келтіреді. Жақында ҚР ІІМ дәмханалар мен барларда түнгі екіден кейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу туралы бастама көтерді. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына зиян келтіруі мүмкін. Жан-жақты проблема бір орында тұрған жоқ, шешіліп жатыр. Іспен СҚО-ның рестораторлары мен қонақ үй иелері қауымдастығының өкілдері айналысуда, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Адамдар әдетте мейрамханалар мен ресто-барларға тамақтану әрі демалу үшін барады. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Біреулер коктейль немесе бір стақан шарап ішіп, бой жазады, ешкімге кедергі келтірмейді. Ал басқалары мекеме қонақтары мен қызметкерлері үшін үлкен проблемаға айналады. Олармен сөйлесу, жағдайды түсіндіру – нағыз мәселе. Қуантарлық жайт, мұндай көрініс қаладағы қызмет көрсетуші нысандардың бәрінде бірдей байқалмайды. Қауымдастықтың атқарушы директоры Андрей Фроловтың айтуынша, шаһарда түнгі уақытта қонақтар арасында жиі жанжал болатын 5-6 мекеме бар. Оларда депозит деген түсінік жоқ, баға да төмен.

Мұндай жағдайда бизнесмендер қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қолданады – дабыл түймелерін орнату және бейнекамералардың санын көбейту. Бірақ бұның өзі әрқашан көмектеспейді. Қауымдастық қаладағы «тәуекел аймағында» орналасқан мейрамханалар, дәмханалар мен барлардың директорларымен тұрақты түрде кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

«Біз белгілі бір шараларды қабылдауды ұсынамыз. Әрбір дәмханаға бас сұғып, келіссөздер үстеліне отырып, нақты мәселелерді шешудің жоспарын ойластырамыз. Барлар мен дәмханалардың басшылары қосымша бейнекамераларды және нақты уақыттағы бақылау жабдығын орнатуға, дәмхана ғимаратының периметрі бойынша жарықтандыруды ретке келтіруге және «жанды» күзетшілерді жалдауға көп ақша жұмсайды. Мұндай күзет жанжалды одан әрі ушықтырмау және басқа қонақтарға қолайсыздық тудырмауы үшін қабілетті», – дейді Андрей Фролов.

Жанжалдар мен төбелестердің салдарынан мекемелердің рейтингі төмендейді. Сонымен қатар, жағымсыз пікірлердің астында қалады. Қазір цифрлық технология дәуірі екенін білеміз. Қаланың немесе облыстың кез келген тұрғыны әлеуметтік желінің кез келген түрін таңдап, өз ойын жазуға мүмкіндігі бар. Андрей Фролов атап өткендей, мекеме әкімшілігі мұндай жағдайларда пікірлерді қадағалап, кемшіліктерді түзету шараларын қолдануға тырысады.

«Қауымдастық қала әкімдігі жанындағы түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу комиссиялары мен ведомстволық отырыстарға жиі қатысады. Олар облыстық прокуратура мен полицияның базасында өтеді. Біз кейбір барларда тіркелетін қақтығыстарды талқылап отырамыз. Демалыс күндері полиция қызметкерлері түнгі уақытта үлкенді-кішілі демалыс орындарында кезекшілік етіп, көшеде жанжал туындаса, ауыр зардаптардың алдын алу шаралары дереу қолға алынады. Әрине, полиция мен прокуратура қаладағы ойын-сауық мекемелерінде тәртіпті қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ бұл әрқашан нәтиже бермейді», – деп атап өтті спикер.

Айта кетерлік жайт, ҚР ІІМ дәмханалар мен барларда түнгі екіден кейін алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жасады. Ведомство мұны қылмыс санын азайтуға әкеледі деп отыр. Бұл тәжірибе АҚШ-та, Еуропада бар. Бірақ мұндай ұсынысты өңірдегі әрі республикадағы кәсіпкерлердің бәрі бірдей қолдамайды.

Мұндай бастамаларға облыстың рестораторлары мен қонақүйлері қауымдастығы да қарсы. Бұл мәселе өңірде осыдан бір ай бұрын көтерілді. Онда облысқа жұмыс сапарымен ҚР Мәжілісінің депутаттары келген болатын.

«Біз мұндай тыйымның енгізілуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Қазір әріптестермен бірігіп, бұл ұстанымды жан-жаққа жеткізіп жатырмыз. Неге?Біріншіден, бұл қаржылық шығындарға әкеледі. Мысалы, ай сайынғы айналымы шамамен 20 млн теңгені құрайтын қоғамдық тамақтандыру орындары тауар айналымының 10-15 пайызын жоғалтады. Бұл ай сайын 2-3 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдерінің төмендеуі орын алады. Бұл жерде НҚА те жоқ. Осы жайт мекемелерде түнгі 2-ден кейін алкогольді ішімдік сататын кәсіпкерлердің құқығын бұзады. Сонымен қатар, соңына дейін ішілмеген алкогольдік өнімдерді сыртқа шығаруға тыйым салу тұтынушылардың құқығын бұзады. Әрі мынандай түсінік бар – түнгі мекеме, түнгі клуб, бар, би кеші, ресто-бар, караоке. Бұлар тек түнде жұмыс істейді. Түнгі клубтарда түрлі жастағы адамдар билейді. Кәсіпкерлерді жұмыс уақытымен шектеу дұрыс емес дегім келеді», – деп атап өтті сұхбаттасушы.

Тілдесу барысында СҚО-ның рестораторлары мен қонақ үй иелері қауымдастығының атқарушы директоры тағы бір мәселені көтерді. Министрлік ұсынған шектеу саяжолдарда, саябақтарда және көшелерде ішімдік ішу жайттарын арттыруы мүмкін. Бұл жайт қоғамға келер қауіпті де арттырары сөзсіз. Одан қалды, сыра дүкендерімен күресті күшейткен абзал. Олар бар ретінде тәулік бойы қызмет көрсетуге дағдыланған. «Осыларды қорыта келе, түнгі мекемелердің жұмысына жөнді қарап, түсіністік танытқан маңызды»,- дейді Андрей.

Еске салайық, бұған дейін Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығында орналасқан дәмханадағы азаматтар арасындағы төбелеске қатысты пікір білдірген болатын. Ол бұл мәселеден хабардар екенін айтты және қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда ғана оны шешуге болатынын мәлімдеді.

Shares