Жолдарды жөндеу, автопаркті жаңарту және проблемалық мәселелерді шешу: Көлік министрі солтүстікқазақстандықтармен кездесті
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Іс-шараның басында министрлер кабинетінің өкілі өткен жылғы кездесуде көтерілген азаматтардың мәселелері қандай шешім тапқаны туралы айтты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Марат Қарабаев солтүстікқазақстандықтардың өтініші бойынша “Петропавл-Алматы” Тальго бағыты толығымен қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Оны субсидиялау үшін мемлекеттік қазынадан 700 млн теңге бөлініп отыр. Поезд
төрт күнде бір рет жүреді. Көлік министрі ағымдағы жылдың шілде айынан бастап “Петропавл-Шымкент” әуе қатынасы да қалпына келтірілгенін қосты.
“Ақмола облысымен шекаралас Чистаполья ауылының маңында орташа жөндеу жұмысын жүргізу туралы өтінішпен жүгінді. Онда 60 км жөнделу қажет. 2025 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бізден “Сергеевка-Тимирязево” автожолына салмақты өлшеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату сұралды. Ақша бөлінді, байқау өткізілді, мердігер анықталды. Сонымен қатар, бізге жолаушылар тасымалы үшін ҚҚС-ты алып тастау туралы екі өтініш түсті. Біз бұған бара алмаймыз, өйткені бюджетті толтыру көздері болуы керек. “Көкшетау-Омбы” автожолындағы “Дәуіт-Кішкенекөл” бағытын жөндеу жайлы өтініштер алдық. Тиісті жұмыстар басталды. Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сергеевка мен Новоишиское арасын және “Тоқсан Би – Дружба” бағытын қалыпқа келтіру бойынша да өтініштер алдық. Тиісті қаржы қарастырылды, жұмысты бастаймыз. Петропавл-Қорған бағыты бойынша биыл 15 шақырымды жөндейміз. 2025 жылы да осындай жөндеу жұмыстарын жүргіземіз”, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Халықпен кездесуде көлік министріне көптеген сұрақтар қойылды. “Вектор Сервис” ЖШС директорының орынбасары Евгений Серечков “Петропавл-Тахтоброд” бағыты бойынша жолаушылар тасымалымен айналысқанын айтты. Кәсіпкер бұл жұмысты тоқтатқан. Себеп – жолдың нашарлығы. Оның айтуынша, ой-шұқырға көлік шыдамайды, жиі істен шығады.
“Мердігер енді анықталды, өкінішке қарай ауа райы нашарлап кетті. Қазір маңызды жұмысты қолға алу қисынсыз дегім келеді. Қыс мезгілінде инертті материалдар дайындалады, шұңқырларға келетін болсақ, көлік қиындықсыз қатынауы үшін оларды уақытша толтыра аламыз”, – деп атап өтті Марат Қарабаев.
Осыған ұқсас мәселемен СҚО-лық тағы бір тасымалдаушы жүгінді. “Meruert Company” ЖК директоры Азамат Керейбаев “Петропавл-Молодогвардейское” бағыты бойынша жұмыс істейді. Кәсіпкер автобус бұл жолмен әрең жүретінін, таяқ тастам жерде шұңқыр барын айтты. Көлік министрі жолдың беті тиісті талапқа келтірілетінін тілге тиек етті. Марат Қарабаевпен кездесуде басқа да мәселелер көтерілді. Солардың бірі “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының автопаркін жаңартумен байланысты болды. Кейбір көлі түрі өте ескірген, оларды ауыстыру қажет.
“Техника сатып алуға ақша жоқ. Сондықтан қыс мезгілінде басқа ұйымдардың техникасын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ешкім қол қусырып отырмайды. Өткен жылы бізді Премьер-министр қолдады, қосымша 354 техника сатып алынды. Ол өңірлерге бөлінді, СҚО-ға да белгілі бір көлемде жолданды. Биыл 400 бірлікке қосымша өтінім дайындалды, қаржыландыруды күтетін боламыз”, – деп атап өтті ҚР Көлік министрі.