6 алтын медаль мен командалық бірінші орын: Тимирязев ауданының спортшылары Ақтауда өткен республикалық чемпионатта топ жарды
7-9 мамыр аралығында Ақтау қаласында тартысты жарыс өтті. Қазақстан Республикасының жүгіріспен қоса үшсайыстан чемпионаты және қалалық жүгіріспен қоса екісайыс чемпионаты. Тимирязев ауданының спортшылары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпы 10 медаль (6 алтын, 4 күміс) жеңіп алды, деп хабарлайды QZ News.
12-13 жас аралығындағы қыздар арасында Таисия Мотякова жарыстың нағыз жұлдызына айналды. Ол республикалық чемпионатта алтын медаль жеңіп қана қоймай, күштік гимнастикадан жеке рекорд орнатып, 3 минутта 99 рет жерден көтерілу әдісін жасады. Оның командаласы Злата Боровая да керемет нәтиже көрсетіп, нысана көздеуден 100 ұпайдың 96-сын жинап, күміс жүлдегер атанды. Бұл қыздар жүгіріспен қоса екісайыстан өткен ашық қалалық чемпионатта 1 және 2 орынды иеленіп, тұғырды толықтай иеленді.
14-15 жас аралығындағы топта Эвелина Цокур республикалық чемпионатта сенімді түрде алтын медаль жеңіп алды. Ол күштік гимнастика мен кросстан үздік нәтиже көрсетті. Қалалық чемпионатта екісайыстан Эвелина екінші орынды иеленді.
16-17 жас аралығындағы қыздар арасында Анастасия Гурьянова өз көшбасшылығын дәлелдеп, республика чемпионы атанды. Ол күштік гимнастика мен кросс жарысында жеңіске жетіп қана қоймай, барлық жас топтары арасында абсолютті чемпион атанып, жүгіріспен үшсайыстан ҚР спорт шебері нормативін орындады. Бұл – оның қысқы маусымдағы жетістігінің жалғасы.
14-15 жас аралығындағы ұлдар арасында Роман Суров күміс жүлде иеленді. Ол нысана көздеуден 97 ұпаймен жеке рекорд орнатты. Ақтаудағы ашық чемпионатта Роман бірінші орын алып, чемпион атанды.
Тағы бір алтын медаль тимирязевтік мектеп түлегі Роман Жеребилоға тиесілі. Ол 18-20 жас аралығында 1 орынды жеңіп алды.
Командалық есеп бойынша « Тимирязев БЖСМ» спорт клубы үшінші жыл қатарынан ең жоғары тұғырды бағындырып, өз көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Чемпиондық команданың құрамына Никита Тарасов, Анастасия Гурьянова, Эвелина Цокур, Таисия Мотякова, Злата Боровая және Роман Суров кірді.
Облыстар арасындағы командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысы айқын басымдықпен бірінші орынды иеленіп, аймақ спортшыларының дайындығының жоғары деңгейде екенін тағы да көрсетті.