Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » “Дельфин” бассейнінде жүзуден біріншілік басталды

“Дельфин” бассейнінде жүзуден біріншілік басталды

“Дельфин” жүзу бассейнінде жүзуден балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық біріншіліктің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жарысқа “Дельфин” БЖСМ-нің 120-дан астам тәрбиеленушісі қатысуда. 6 ақпанда қатысушылар 100 метр қашықтықты баттерфляй және арқамен жүзіп бағындырды. Біріншілік Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 35 жылдығына орайластырылды.

“7 ақпанда балалар 100 метр қашықтыққа брасс және еркін стильде жүзеді. Жарыс іріктеу болып табылады, үздік спортшылар “Бурабай ханшайымы” республикалық турниріне қатысатын командаға алынады. Ол осы жылдың наурыз айында Көкшетау қаласында өтеді. Сонымен қатар, біздің алдымызда төртінші жас тобы өкілдері қатысатын ҚР чемпионаты тұр”, – деді “Дельфин” БЖСМ жаттықтырушысы Александр Савельев.

Бұл – күрделі жөндеуден кейін бассейнде өткізілген алғашқы жарыс. Жөндеу кезінде плиткалар ауыстырылды, бассейннің іші тегістелді. Жұмыстар шілде айында басталып, өткен жылдың желтоқсан айының соңында аяқталды. Жергілікті бюджеттен осы мақсаттарға 55 млн теңге бөлінді. 2024 жылы «Дельфин» бассейнінде ғимараттың төбесі ауыстырылды. Ол үшін 60 млн теңге қажет болды.

“Біз спортшыларымыздың жеңістерін күтеміз. Аймақта жүзу белсенді дамып келеді. Бізде ересек спортшылар арасында ҚР чемпиондары, біріншіліктердің жеңімпаздары, ҚР кубоктарының жүлдегерлері және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар. Қазір екі спортшымыз ақпан айының соңында Филиппинде өтетін Азия чемпионатына қатысуға дайындалып жатыр”, – деді Александр Савельев.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жүзуден облыстық біріншілік 7 ақпанда аяқталады.

 

 

Shares