Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Делиде иеленген үш алтын медаль Солтүстік Қазақстан жеріне жеткізілді

Делиде иеленген үш алтын медаль Солтүстік Қазақстан жеріне жеткізілді

7-11 ақпан аралығында Нью-Делиде ересектер арасында өткен кикбоксингтен халықаралық турнирде жерлестеріміз алтынмен апталды. Бүгін олар Петропавлға оралды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Қазақстан құрамасы сапында біздің өңірдің намысын Аслан Асылбеков, Нұрсұлтан Жақыпов және Данияр Жарасов сынды мықтылар лайықты түрде қорғады.

“Олар – ел чемпиондары, көптеген турнирде жеңіске жетті. Өткен жылы жігіттер әлем чемпионаты өткен Португалиядан келді. Онда үшеуі де ұлттық құрама сапында бақ сынады. Екі күміс медаль олжалады. Үндістандағы халықаралық турнирдің алдында балалар Алматыдағы Олимпиадалық дайындық орталығында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Олар ұзақ уақыт демала алмайды, алда СҚ Кубогына дайындық, Астанада Азия Кубогына іріктеу бар. Азия чемпионаты Вьетнамда өтеді. Ал іріктеу турнирлері Петропавлда ұйымдастырылады”, – деді жаттықтырушы Әділ Нұржауыпов.

Кикбоксингтен өткен халықаралық турнирге Қазақстан, Үндістан, Түркия, Сингапур, Өзбекстан, Ирак, Ұлыбритания және Неапольден 522 спортшы қатысқан.

“Чемпионатта үш жекпе-жек өткіздім. Біріншісі – Ирактан келген жауынгер, екінші жекпе-жекте үндіске қарсы тұрдым, ал соңғы жекпе-жек Өзбекстаннан келген қарсыласпен болды. Әркімнің жекпе-жек стилі, техникасы болады. Барлық жекпе-жекте жеңіске жетіп, төрешілердің бірауызды шешімімен чемпион атандым. Мен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Әлем кубогының екі дүркін чемпионымын, әлем чемпионатының финалисімін”, – деді кикбоксшы Аслан Асылбеков.

Shares