Ел мен Солтүстік Қазақстан облысының қоржынына қола медаль салды
Қыркүйектің 8 мен 10 аралығында Оралда самбодан әлем чемпионаты өтті. Оған 14 елден 300-ден астам адам қатысты. Солтүстікқазақстандық спортшы Дәурен Нұрғожин де жарыста бақ сынады. Бүгін ол өңірге оралды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Самбо шеберлері арасындағы Әлем біріншілігіне ардагер спортшылар қатысты. Ел намысын қорғаған жерлесіміз Дәурен Нұрғожин 88 келі салмақ дәрежесінде үшінші орын жеңіп алды. Ол 4 кездесу өткізді. Олардың барлығы да тартысты өткен. Самбошыны бүгін өңірде туған-туыстары мен жолдастары қарсы алып, құттықтады.
«Бірінші кездесуде мен биылғы Азия чемпионын жеңдім. Ал ел чемпионын екінші кездесуде 5-1 есебімен ұттым. Үшінші кездесуде белгілі қостанайлық Ерлан Омаровқа есе жібердім. Үшінші орын үшін Моңғолия спортшысымен кездестім, одан 5:0 есебімен басым түстім. Оған бұған дейінгі кездесуде жол бердім, осы жолы жеңдім», – дейді жүлдегер.
Демалуға уақыт жоқ, дейді Дәурен. Ол биыл Абу-Дабиде дзюдодан өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.