Еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов елге оралды
Спортшыны 26 қараша күні таңертең Петропавл теміржол вокзалында жерлестері қошеметпен қарсы алды. Отандасымыз Албания астанасы Тиранада олимпиадалық емес салмақтарда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдені еншіледі, деп хабарлайды QZ Newsтілшісі.
«Отаныма оралғаныма қуаныштымын, мені жақсы қарсы алып жатыр. Жеңісіммен жас спортшыларға жол аштым деп ойлаймын. Қазір мен демалып жатырмын, бірақ жаттығу да өз тәртібімен өтіп жатыр. Келер жылы жаңа үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін», – дейді әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов.
Албанияда өткен әлем чемпионатында 70 келі салмақта шешуші белдесуде солтүстікқазақстандық жапондық спортшымен белдесті. 5:3 есебімен аяқталған текетірес Нұрқожа Қайпановқа мансабындағы әлем чемпионатының алғашқы «алтынын» әкелді. 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында палуан күміс жүлдегер атанған болатын.
«Албаниядағы жекпе-жектерді саралайтын болсақ, Нұрқожа айқын басымдықпен жеңіске жетті. Үлкен жеңістер болды, бірақ жеңіліс те болды. Нұрқожа өте еңбекқор спортшы. Баласына қолдау көрсеткен отбасына ерекше рахмет. Нұрқожаны алда талай жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Ол Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғап, жақсы өнер көрсетуді армандайды», – дейді жаттықтырушы Аян Бейсембаев.