Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Есіл ауданында шайбалы хоккейден СҚО Кубогының екінші туры өтті

Есіл ауданында шайбалы хоккейден СҚО Кубогының екінші туры өтті

Есіл ауданы Явленка ауылында шайбалы хоккейден Солтүстік Қазақстан облысы Кубогының екінші тур ойындары өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Бас жүлдеге Аққайың, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, М. Жұмабаев, Есіл аудандарының, сондай-ақ Петропавл қаласының ұжымдары мен СҚО ПД “Динамо” командасы таласуда.

Айта кету керек, бұл – облыстың әуесқой командаларын біріктіретін және хоккейді халық арасында танытуға бағытталған дәстүрлі жарыс.

“Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 15 жабық хоккей корты бар. 2023 жылы облыстағы Шал ақын ауданы Повозочное ауылында, Ақжар ауданы Талшық ауылында, Тайынша қаласында 3 жабық хоккей корты пайдалануға берілді. Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында, Жамбыл ауданы Пресновка ауылында, Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында 3 жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Биыл Петропавлда және Қызылжар ауданы Бескөл ауылында мұз аренасы мен жабық хоккей кортының құрылысын бастау жоспарлануда”, – деп жазды әлеуметтік желілерде дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.

Қалада да, облысымыздың аудандарында да хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру сияқты қысқы спорт түрлерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Мұның барлығы жерлестеріміз – жастарды және әртүрлі жастағы адамдарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартады.

Shares