Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Өрт сөндірушілердің жарысы: облыс өрт сөндірушілері арасында кім үздік?

Өрт сөндірушілердің жарысы: облыс өрт сөндірушілері арасында кім үздік?

Петропавлда өрт сөндіру бөлімшелері арасында өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс басталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

17 тамызда Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ведомстволық жарыс басталды. Жарысқа өртке қарсы қызмет гарнизонының аудандық және қалалық бөлімшелерінен 18 команда қатысуда. Жарыс бағдарламасына 100 метрлік кедергілер жолын еңсеру, жауынгерлік қанат жаю және оқу-жаттығу мұнарасының 4-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу кіреді.

«Шабуыл сатысымен көтерілу жарысында Жамбыл аудандық 11-ӨСБ командасының өкілі Руслан Шунаев жеңіске жетті. Екінші орын Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында орналасқан №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Жандос Нұрланға бұйырды. Ал үшінші орынды Петропавл қаласындағы 2-ӨСБ құтқарушысы Қазкен Жандос еншіледі. «Жастар» стадионында өткен 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіру сайысында Петропавл қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Владислав Рублев үздік уақыт тіркеді. Одан кейін мәре сызығын Жамбыл аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің өкілі Руслан Шунаев пен Петропавл қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің маманы Бақыт Мерекенов кесті», – деп толықтырды СҚО ТЖД.

Спорттық жарыстың қорытындысы 18 тамызда белгілі болады.

Shares