Петропавлда ерекше балалар арасында спартакиада өтті
Теннис орталығының қабырғасында ерекше балаларға арналған спорттық жарыс өтті. Спартакиада Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орайластырылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ептілік пен күш бойынша үш команда бақ сынасты. Барлығы 36 адам қатысты. Бұл – “Асыл мирас”, “Көмек” орталықтарының және екі түзету кабинетінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ олардың аналары мен әкелері.
“2019 жылы Болат Өтемұратов қорының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен аутизммен ауыратын балаларға арналған “Асыл мирас” қолдау орталығы ашылды. Біздің көмегімізді мыңнан астам бала алды. Бүгін балаларды әлеуметтендіру және қоғамға табысты интеграциялау мақсатында біз шағын спартакиада өткізуді ұйғардық”, – деді “Асыл Мирас” аутизм орталығының жетекшісі Назгүл Тортулова.
Шара барысында спорттық жарыстан алған әсерлерімен Ирина Симонова бөлісті.
“Қызымызбен келдік. Ол 6 жаста. Жарыс өте ұнады. Балалар әр түрлі жаста болса да, олар осындай шараларға қызығушылық танытады. Жарыс балаларға бейімделуге, көңілді уақыт өткізуге, спортпен шұғылдануға көмектеседі. Бұл өте маңызды”, – деді спартакиада қатысушысының анасы Ирина Симонова.
ДДҰ мәліметтері бойынша, бүгінде жүз баланың бірінде аутизм спектрі бұзылуының белгілері бар. Спартакиаданы өткізуге бастамашы болған “Асыл мирас” аутизмі бар балаларды қолдау орталығы тегін негізде қызмет көрсетеді.