Петропавлда “Солтүстік Қазақстан Кубогы” турнирі басталды
Облыс орталығында 24-ші “Солтүстік Қазақстан Кубогы” турнирі басталды. Республикалық жарыс Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылуының 35 жылдығына арналды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Турнирге Қазақстанның түкпір – түкпірінен 150-ден астам қатысушы келді. Доданың қорытындысы бойынша мамыр айында Астанада өтетін Азия Кубогына және тамыз айында Вьетнамда өтетін Азия чемпионатына қатысатын ел құрамасы жасақталады.
“Бұл турнирде бірінші нөмірлер, Қазақстан құрамасының мүшелері, әр салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпиондары, Әлем чемпиондары өнер көрсетеді. Кубокта облысымыздың намысын 25-тен астам адам қорғайды. Бізде Қазақстанның ұлттық құрамасына кіретін көшбасшылар бар”, – деді СҚО аға жаттықтырушысы Әділ Нұржауыпов.
Жарысқа ерлер мен әйелдер қатысады. Ақтық жекпе-жектер 7 наурызда өтеді.
“Жаттықтырушының нұсқауларын тыңдап, Қостанайдан келген қарсыласты жеңе алдым. 60 келіде сынға түсіп жатырмын. Мен спорт шеберімін”,- деді өскемендік кикбоксшы Ернұр Қайырбеков.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар алады.