Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Солтүстікқазақстандық балуандар көпшілікке танымал “Дала қырандары” республикалық турнирінде үздік атанды

Солтүстікқазақстандық балуандар көпшілікке танымал “Дала қырандары” республикалық турнирінде үздік атанды

Солтүстікқазақстандық балуандар тағы да ел үздіктері екенін дәлелдеді. Бұл жолы теріскейлік білекті жігіттер Астанада өткен республикалық “Дала қырандары” турнирінде айды аспаннан шығарды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Турнир сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтсе, соның екеуінде біздің жерлестеріміз чемпион атанды. 55 келі салмақ дәрежесінде “Қызылжар арландары” клубының өкілі Еркебұлан Қалымбеков топ жарды, ал оның командаласы Батырхан Қайырбек 74 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды және “Дала қыраны” атағын жеңіп алды.

“Біздің клубтың спортшылары мен олардың жаттықтырушыларын осындай беделді турнирде тамаша өнер көрсетулерімен құттықтаймыз және оларға жаңа жеңістер мен жетістіктер тілейміз”, – деп жазды СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Табысты жобалардың бірі “Қызылжар арландары” клубы болып табылады. Биыл клуб өзінің құрылғанына бес жыл толуын атап өтті. Осы жылдар ішінде “солтүстікқазақстандық арландар” республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетті.

 

Shares