СҚО-да балалар арасында футболдан турнир өтті
Солтүстік Қазақстан облысының футбол федерациясы мен “AMANAT” партиясының өңірлік филиалы 9 жастан аспаған ұлдар арасында “Балалар футбол лигасы” турнирін ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Жарыс ФИФА ережесі бойынша өтті – аралас жүйеде 7 адамға 7 адам қарсы. Алдымен 8 команда екі топта үздіктерді анықтады, содан кейін жеңілгендер сайыстан шығып отырды. Турнирдің жеңімпазы – Көкшетау қаласынан келген “Оқжетпес” футбол орталығының командасы. Бұл ұжым финалда петропавлдық “Юниорды” жеңді. Ал үшінші орын «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бұйырды.
Жүлделі орындар үшін командалар кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, жеке жетістіктері арқылы турнирдің үздік қақпашысы, қорғаушысы және шабуылшысы анықталды.
“Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды бұқаралық футболға тарту, спорттық кәсіптік бағдар беру. Біз жыл артқан сайын бірінші нөмірлі спортпен шұғылданатын балалардың саны ұлғайып келе жатқанына қуаныштымыз”, – деп атап өтті “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.