Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » СҚО құрамасы Президенттік көпсайыс бойынша Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті

СҚО құрамасы Президенттік көпсайыс бойынша Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті

3–10 мамыр аралығында елімізде Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Солтүстік Қазақстан облысының командасы керемет нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды QZ News.

Облыс намысын Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері қорғап, жоғары дайындық пен нағыз спорттық рухты танытты. Команда қоржынына 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль салып, жалпы 9 жүлдемен оралды.

Чемпионаттың басты триумфаторы атанған – 4 курс студенті Никита Изотов. Ол 21–23 жас аралығындағы топта және абсолютті біріншілікте алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның үздік көпсайысшысы атағын жетінші рет иеленді!

Команданың тағы бір жарық жұлдызы – Данила Свиржевский. Ол да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 21–23 жас тобы мен абсолюттік біріншілікте екі күміс медаль жеңіп алды.

Командалық жеңіске өз үлесін қосқан басқа қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Аркадий Есман қола медаль жеңіп алып, спорт шебері нормативін орындады. Арсен Хамзин де қола жүлдегер атанды. Қыздар арасында Ангелина Кудрявцева мен Юлия Безушко қола медаль еншілеп, командалық есепке үлес қосты. Юлия Крец те жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші орынды иеленді.

Айрықша атап өтерлік тұлға – команданың аға оқытушысы және жаттықтырушысы Александр Наумов. Ол тек шәкірттерін табысты дайындап қана қоймай, өзі де 40 жастан жоғары ардагерлер арасында абсолюттік біріншілікте чемпион атанып, Қазақстан чемпионы атағын 56-рет жеңіп алды.

 

Shares