12 мамырдан бастап Петропавл қаласында жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіледі
12 мамырдан бастап «Петропавл жылу желілері» ЖШС жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізуді бастайды. Мақсаты – келесі жылыту маусымына дайындық ретінде құбырлар мен жылу желілерінің жабдықтарындағы ақауларды анықтау, деп хабарлайды QZ News.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, сынақтар кезінде жер үсті және жерасты магистральдық желілеріне жұмыс қысымынан 25% жоғары қысым беріледі. Жүйелік судың температурасы +40 градустан аспайды. Жұмыстар 10 күн ішінде жүргізіледі, осы кезеңде Петропавл қаласында ыстық су беру уақытша тоқтатылады.
«Сынақтар аяқталғаннан кейін тұтынушылар кезең-кезеңімен қайта қосылады. Ақау анықталған учаскелер жөндеу үшін уақытша ажыратылады, бұл тиісті тұрғын үйлерде ыстық су беруіне әсер етеді. Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі мен ыстық судың қайта қосылуы туралы ақпарат әлеуметтік желілер мен ПИК/МИБ төрағалары арқылы хабарланады. «Петропавл жылу желілері» ЖШС қажетті материалдармен қамтамасыз етілген және ықтимал технологиялық бұзушылықтарды жою үшін персоналды даярлап қойған», – делінген компания хабарламасында.